Алматы қаласы мәслихатының депутаты Дулат Тастекей 2011 жылы Алматыда өткен VII-ші қысқы Азия ойындарының чемпионы Евгений Левкинге автокөліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Айта кетейік, бір ай бұрын бірінші топтағы мүгедек, бұрынғы спортшы Евгений Левкин әлеуметттік желіде отбасын құрғанын, бала тәрбиелеп отырғанын, алатын айлығының аздығын айтқан еді. Ол үндеуінде көлік сатып алып, такси жүргізушісі болғысы келетінін жеткізіп, халықтан көмек сұраған болатын.
«Чемпионның өтінішіне ел тұрғындары бей-жай қарамай, қаржының жартысын жинап берген. Ал қалған жартысын меценат әрі депутат Дулат Тастекей өз есебінен беруге ниет білдірген. Осылайша, бүгін Евгенийдің арманы орындалып, оған автокөліктің кілті табысталды», — делінген хабарламада.
Салтанатты жиында Дулат Тастекей Евгенийдің қайсарлығына тәнті екенін жеткізді.
«Евгений, сіз бүгінгі күннің батырысыз, мүмкіндігі шектеулі жандардың да шексіз мүмкіндікке ие екенін дәлелдеп отырсыз», — деп атап өтті мәслихат депутаты.
Ал Евгенийдің өзі көліктің жарты құнын жинап берген халыққа алғысын білдірді.
“Екі жыл бұрын отбасын құрдым, қазір балам бар. Тапқан табысым отбасын асырауға жете бермейді. Сондықтан көп уақытым бекер өтпесін деп, такси жүргізуші болып нәпақамды тапсам деген ой туды. Халыққа жағдайымды айтқаным сол еді, менің өтінішіме құлақ асып, жұмыла қолдап кететінін еш күтпедім. Бірақ біздің елде қайырымды жандар көп екеніне көзім жетті”- деді Левкин.
Айта кетейік, Евгений Левкин трамплиннен Азия ойындарының жеңімпазы.
2012 жылы қараша айында жол-көлік оқиғасы салдарынан мүгедектер арбасына таңылған.
Қазіргі уақытта балаларды жаттықтырып, отандық арналардың бірінде спорт комментаторы қызметін атқарып жүр.