Алматы қаласында еріктілер Абай облысындағы өрттен зардап шеккен азаматтарға арнап гуманитарлық көмек жіберді. Еріктілер фронт-офисте (волонтерлерге арналған тегін орталық) қабылдау пунктін ашып, небәрі 1 аптада 5 тоннаға жуық көмек жинаған. Алдағы уақытта гуманитарлық көмектерді бөліп, ұшақпен және көліктермен Семей қаласына жіберді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алматы қалалық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаева Абай облысындағы төтенше жағдайдан кейін көмек көрсетуге ниетті еріктілер мен азаматтардың көбейгенін айтады. Сондықтан 12 маусымда гуманитарлық көмек жинау туралы шешім қабылданып, штаб құрылған.
«Бар болғаны 5 күнде 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Ал 15 маусымда ұшақ арқылы Абай облысына жеткізу жұмысы қолға алынды. Көмекті Семей қаласына дейін жеткізуде FlyArystan әуе компаниясы қолдау көрсетті. Әрі қарай еріктілер көмекті діттеген орынға жеткізу жұмыстарын ұйымдастырады. 17 маусымда 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек Семей қаласына жеткізілуі керек», – дейді Бағдат Анарбаева.
Аталмыш көмекті ұйымдастыруға Алматыдағы ірі волонтерлік ұйымдар қатысқан. Олардың қатарында «Қазақстан волонтерлер лигасы», «QAMQOR CHARITY», «Тепло» мен «lider.kz» бар.
«Сондай-ақ кәсіпкерлер мен қала тұрғындары да белсенді атсалысты. Таңнан кешке дейін азаматтар көмек қабылдау пунктіне мүмкіндігінше түрлі заттар алып келді. Айта кетері, бұл жолы біз әкелінген дүниелердің барлығын емес, көмекті Семейдегі еріктілер ұсынған тізім бойынша ғана қабылдадық. Бұл, ең алдымен, бетперделер, жеке гигиеналық заттар, ұзақ уақытқа сақталатын азық-түліктер. Ал өрт сөндірушілерге қажет болады деген ниетпен қалта қуаттығыштарын, көрпелер де жинауға тырыстық», – деп қосты волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі.
Бағдат Анарбаеваның сөзінше, қазіргі уақытта өрт болған аймақта еріктілер мен белсенділер жұмыс істеп жатыр.
«Абай облысындағы әріптестеріміз бізге қажетті заттар туралы және өзге де маңызды деректерді жіберіп отырады. Біз ұсынылған ақпарат негізінде жұмыс істейміз. Қазір төтенше жағдай аймағында жиналған гуманитарлық көмек жеткілікті. Білуімше өзге өңірлерден де көмек жеткізілген», – деп қосты Бағдат Анарбаева.
Волонтерлердің фронт-офисі Алматы қаласы мен өзге де аймақтарда 2020 жылы ашылған. Фронт-офистің мақсаты – еліміздегі еріктілерге қолдау көрсету, өңірлердегі еріктілер ұйымдарының жұмысын үйлестіру.
«Бүгінде Алматы қаласының өзінде 50 мыңнан астам волонтер бар. Ал ірі еріктілер ұйымының саны 30-дан асады. Волонтерлер әртүрлі салада жұмыс істейді. Ал төтенше жағдай бола қалса, фронт-офис осы ұйымдардың басын қосып, бір орталыққа біріктіреді. Тек апат кезінде ғана емес, еріктілердің көмегі мереке мен үлкен іс-шараларда да керек. Мұнда да біздің волонтерлер тынбай еңбек етеді», – деп түсіндірді ол.
Волонтерлердің фронт-офисі елде болған түрлі қиын-қыстау кезеңдерде еріктілерді біріктіріп, үлкен жұмыстар атқарған.
«Өкінішке қарай, елімізде Арыстағы жарылыс, Көкшетаудағы жағдай, Абай облысы мен Қостанайдағы өрт секілді әр қазақтың жүрегіне сызат түсіретіндей үлкен апаттар болды. Ал еріктілер фрон-офисте бірігіп, мұның салдарын жоюда орасан зор үлес қосты. Сонымен қатар «Ғажайып Аяз ата» атты акциямыз бар. Оның аясында біз жетімдер мен зейнеткерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз», – деді Бағдат Анарбаева.
Фронт-офис жетекшісінің пайымдауынша, орталық волонтерлер қатарына қосылғысы келетін азаматтарға да қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсетеді.
«Фронт-офисте еріктілер қатарына қосылғысы келетін тұрғындар хабарласады. Біз олардың қызығушылығы мен икеміне қарай волонтерлік ұйым таңдауда көмек береміз. Кейде керемет идеясы бар еріктілер мұны жүзеге асыру үшін қаржы таппай қалады. Ал кей жағдайда идеяны жүзеге асыратын қаржысы болғанымен, адам саны жетпей қалады. Біз осындай азаматтарды байланыстырып, мәселені шешуде жол көрсетеміз. Осылайша үйлестіруші қызметін атқарып келеміз», – деп аяқтады ол.