Вторник, 26 ноября, 2024

Алматылықтар Бірлік күнін тойлап жатыр

Оңтүстік астаналықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатыр. Республика сарайының алдында көрме ұйымдастырылып, онда көптеген ұлттардың салт-дәстүріне сай қолөнер туындылары мен ұлттық тағамы, киімдері қойылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Абай алаңына халық көп жиналды. Көңілдері көтеріңкі, бір-бірін құттықтап жатыр. Әрбір ұлт өзінің мәдениетінен сыр шертетін көрме ұсынды.

Мерекелік концерт «ЖасStars» тобы мен ҚР Мемлекеттік еңбек сіңірген «Салтанат» би ансамблі орындаған «Қазақстан — достық бесігі» вокалдық-би композициясымен ашылды, көрермендер үшін қазақстандық және шетелдік әртістер өнер көрсетті.

Өз композицияларын халықаралық байқаулардың лауреаттары Зарина Хасаншина, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан халық әртісі Жеңісбек Пиязов және Беларусь Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жанет Бутерус орындады.

Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан халықтарының тағам фестивалі ұйымдастырылды, оған 15 мейрамхана қатысты. Қазақ, кәріс, грузин, орыс, ұйғыр және тағы басқа ұлттың тағамдары ұсынылды.

Салтанатты іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысты.

Бірлік күні қаланың Жібек Жолы, Панфилов көшелері мен Ғылым Академиясы ғимаратының алдындағы Ш.Уәлиханов атындағы скверде де жоғары дәрежеде аталып өтуде. Көрермендер «Алматы Әуендері», «Алатау» дәстүрлі өнер театры әртістері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының, музыкалық ансамблі ұсынған мерекелік бағдарламаны тамашалады.

Меркелік бағдарлама Абай алаңында сағат 18:00-де «Достық әні» концертімен жалғасады. Сахнада Айқын Төлепберген, Qanay, Әйгерім Қалаубаева, Артур Давлетьяров, Ayree және КeшYou тобы өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстан халқының бірлігі күнініне арналған іс-шаралар қаланың барлық ауданында тойланып жатыр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған