Алматыда бір аптада 187 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Спикердің сөзінше, қалада коронавирус жұқтырғандар саны артуына қарамастан, мегаполистегі жағдай тұрақты, «жасыл» аймақта орналасқан.
«Соңғы аптада КВИ жұқтыру 1,2%-ға өскені байқалады. Осылайша, өткен 7 күнде 155 жұқтыру жағдайы анықталса, осы жолы 187 жағдай тіркелді. Ковид науқастарына арналған төсек-орындарының 100 000 адамға шаққандағы толтырылу деңгейі 9,2 (27 адам) немесе бөлінген 450 төсек-орынның 6%-ын құрайды»,- деді ол.
Әсел Қалықованың айтуынша, науқастардың басым бөлігі вирусты – сауда объектілерінде 33,3% , қоғамдық көлікте – 41,6%, базарларда – 5,4% жұқтырған, басқа өңірде 6,5 %.
«Сондай-ақ отбасында науқас адаммен байланыс– 7,1%, туыстары мен көршілеріне бару кезінде – 3,0%, жұмыс орнында – 3,0% жұқтыру жағдайлары анықталған. Ауру жұқтырғандардың көпшілігі 20-39 жас аралығындағы жастар – 46,5% жағдай. Одан кейінгі орында 40-59 жас аралығындағы азаматтар – 22%, сондай-ақ 60 және одан жоғары жастағылар – 16%»,- деді ол.
Айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында вирусты жұқтыру деңгейі әлдеқайда төмен: 1 жасқа дейінгі балалар – 6,4%, 14 жасқа дейінгілер – 4,3%, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар – 6,9%.
Брифинг соңында Әсел Қалықова 6 ай сайын белсенді түрде вакцина алу керектігін, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болуды, ал келушілер көп жиналатын қоғамдық орындарда болу қажет болған жағдайда медициналық бетперде киюді, әлеуметтік қашықтықты және жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес берді.