Алматыда зиялы қауым өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, жазықсыз жаланың құрбандарына құран бағыштады. Қала әкімі Ерболат Досаев 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT..
Қарағайлы саябағынада өткен іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары мен жақындары, мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Олар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар қайғылы оқиғаларды есте сақтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қандай құрбандықтың болғанын және оларды ұлықтау қаншалықты маңызды екенін де тілге тиек етті.
Түрлі мәліметтер бойынша, өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында 3 млн-ға жуық қазақстандық жаппай ашаршылықтың құрбаны болды, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астам адам атылды.
Қуғын-сүргіннен Қазақстанның көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері — Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мыржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин және басқалар зардап шекті.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бүгін қалада түрлі естелік іс-шаралар, соның ішінде «дөңгелек үстелдер» форматындағы конференциялар, тарихи-ағартушылық дәрістер, театрландырылған қойылымдар, кітапханаларда фото және кітап көрмелері, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылады.