2026 жылы Алматының екінші жылу электр орталығы толық газға көшіріледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Бүгінгі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкінің ережелерімен EPC-мердігерді таңдау бойынша халықаралық екі сатылы ашық тендер жарияланды. Оның қорытындысында бу-газ қондырғысын салуда әлемдік тәжірибесі бар мердігер ұйым іріктеп алынады. EPC-келісімшарт жасау 2023 жылдың ақпанына болжанады. Ал ЖЭО-2-нің газға толық көшіру 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады. Аталған жоба Үкімет бекіткен Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр және Алматы қаласында көмірден жылу және электр энергиясын өндіруді тоқтатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаланың қоршаған ортасына шығарындыларды айтарлықтай қысқартады», — деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдің дерегінше, жобаның жүзеге асырылуына «Самұрық-Энерго» АҚ жауапты. Мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, жоба құны 324 млрд теңгені құрайды.