Среда, 27 ноября, 2024

«Алтын-Емел» паркіндегі құлан саны 3 мыңнан асты

«Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінде құлан саны 3500-ден асты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Жыл сайын ақпан айының ортасында «Алтын-Емел» ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген тұяқтыларға санақ жұмыстары жүргізіледі. Биылғы жылғы санақ жұмыстары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы және басқа да тиісті мамандар қатысты.

«Қарақұйрық, құлан және арқарды санау үшін кемінде екі күн кетеді. Аталған жұмыстар таңның атысымен жабайы аңдар жайылымға шыққаннан басталады. Аңдарды санау атпен және автокөлікпен жүргізіледі. «Алтын-емел» ұлттық табиғи паркі аумағына 1982 жылы Барсакелмес аралынан әкелінген 27 Түркімен құланы Жетісу өңіріне жатсынбай жерсініп, бүгінде олардың саны 3500-ден асқан. Санақ нәтижесі бойынша қарақұйрық саны 5360, ал арқар саны 179 басты құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Естеріңізге сала кетейік, мұндай санақ барысында 20% ауытқушылық болуы мүмкін», -делінген хабарламада.
Бүгінде ұлттық парк қызметкерлері саны көбейген Түркімен құланын, басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақ территорияларына жіберіп, жерсіндіруді қолға алған. Мәселен, былтырғы жылы «Іле-Балқаш» резерваты аумағына 60 бас, «Алтын дала» қорығына 4 бас құлан жіберілген. Аталған ЕҚТА аумақтарына жалпы саны 240 құлан жерсіндіру жоспарда бар.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған