«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Алтын тұғыр-2022» сыйлығының иегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«AMANAT» партиясы елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүр. Биыл мыңдаған іс-шара өткіздік. Әр ауылға жеттік. Сол іс-шаралардың басым көпшілігі руханиятқа, ұлттық құндылықты дамытуға арналған екен. Бүгінгі сыйлықтың ауқымы өте кең. Себебі қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қоятын халық. Бүгін басқаларды айтпағанда билікте жүрген азаматтар тай-тұяғына дейін осы жерге келіп отыр. Оның бір себебі бар деп ойлаймын. Ұлттық спортқа деген Президенттің, мемлекеттің көзқарасы ерекше», — деді Ерлан Қошанов.
Партия төрағасы биыл ұлттық спорт үшін жеңісті жыл болғанын айтты.
«Ұлы дала жорығы» бәйге марафоны Түркістан мен Сарыарқаның арасын ат тұяғымен дүбірлетіп өтті. Ол ұлттың рухын асқақтатқан үлкен іс-шара болды. «AMANAT» партиясы бұл доданы жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара ретінде өткізеді. Таяуда Түркияда дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Оған Президент тапсырмасымен бір топ делегат болып бардық. Жарысқа 102 мемлекет қатысты. Соның ішінде біздің спортшыларымыздың шоқтығы биік болды. Келесі көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. 2024 жылы өтетін додаға үлкен дайындық керек. Ол әлемдік деңгейде өтуі керек», — деді ол.
Ерлан Қошанов «Алтын тұғыр-2022» жобасы жастардың рухын асқақтатын жоба екенін айтты.
«AMANAT» партиясы бұл жобаны да белсенді қолдап, өтуіне атсалысады. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар спортшылар жеңді деп ойлаймын. Әділ болды деген үміттемін. Себебі біздің мемлекеттегі басты құндылық – әділеттілік», — деді Ерлан Қошанов.
Тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2022 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекелерінде дара шыққан жеңімпаздар.
Мерекелік іс-шарада «Көкпар», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Жыл жаңалығы» аталымдары бойынша үздік спорт саңлақтары мен жаттықтырушылары марапатталды.
Жеңімпаздарға 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаздарды Мемлекеттік кеңесші, Премьер-министрдің орынбасары марапаттады.
Сондай-ақ іс-шара аясында ұлттық спорт түрлеріне арналған экспозиция – ойын-сауық алаңы құрылып, қонақтарға көне дәуірлерден бері көшпенділерден жалғасып, қазақтың дәстүр-салтынан өзіндік орнын алған құндылықтарымыз – садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ойын түрлері ұсынылды. Нұсқаушының көмегімен садақ ату дағдыларын игеріп, жиналған қауым көшпенділіктің рухын сезіну мүмкіншілігіне ие болды.