Биылғы Амал мейрамы Маңғыстау облысында ізгілікке үндейтін игі іс-шарадан бастау алды. «Отпан тау» тарихи-танымдық этно-мәдени кешеніндегі «Қарашаңырақта» Адай атаның рухына құран бағышталып, жас қарилар құранды жатқа оқудан сынға түсті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Жарыс өте әсерлі болды. Киелі орында құран оқу, Алладан шапағат тілеп, ата-баба рухына құран бағыштау өте сауапты іс болды деп ойлаймын. Құранның әрбір сүресі сауапқа теңелмек. Мұндай үрдіс дәстүрлі сипат алса, алдағы уақытта өз жалғасын тапса деген игі тілек бар», — деді ұстаз Айбек Сатешов.
Айбек Сатешовтың айтуынша, байқауға 26-шағынаудандағы облыстық «Бекет ата» мешітінен арнайы келген 20 жас қатысты. Бас жүлде қоры 150 мың теңгені құрады. Екінші орынға 100 мың, ал үшінші орынға 50 мың теңге берілді. Құранды жатқа оқу сайысында 14 жастағы Әли Қошманов жеңімпаз атанды.
«Құранның 10 парасын жаттадым. Бұл дегеніміз киелі кітаптың үштен бір бөлігін құрайды. Осы жолғы сайыста құранның 3 парасы бойынша яғни, 28,29,30-параларына қатысып, бірінші орынды алдым. Өте қуаныштымын», — деді Әли Қошманов.