Четверг, 28 ноября, 2024

«AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды

Қаржылық сауаттылық деңгейін арттырмай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мүмкін емес. Сондықтан «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Бүгін тиісті Меморандумға партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев және банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қол қойды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Елнұр Бейсенбаев жоба аясында несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, дәл қазіргі уақытта қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, сондай-ақ мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер оқудан өте алатынын атап өтті.

«Біз ауылдың әл-ауқатын арттыру және аграрлық секторды қолдау мемлекеттің стратегиялық басымдығының бірі екеніне сенімдіміз. Біздің басты міндетіміз – елді азық-түлікпен қамтып отырған шаруаларға жағымды жағдай жасау. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары несиеге қол жеткізе алуы тиіс. Дәл осы ретте, қаржылық сауаттылық деңгейін сапалы арттыру мәселесі туындайды. Бұл жоба қаржылық алаяқтықты азайтуға, шамадан тыс қарызданып қалуды болдырмауға және ауыл тұрғындарының қаржылық мәдениетін жақсартуға негізделген», – деді Елнұр Бейсенбаев

«Halyk елдегі жетекші банк ретінде мұндай маңызды бастамадан тыс қала алмайды. Елімізде халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру жұмысы басталады. Бұл әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. Біз тек жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына тәжірибелік білім мен кейстерді интеграциялауды көздей отырып, сарапшы ретінде қатысуға дайын екенімізді айрықша атап өткім келеді», – деп атап өтті Halyk Bank-тың Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Жоба аясында ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамту жоспарлануда. Оларды 80 қаржы маманы оқытады.

Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді деп күтілуде. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібіне, салық есеп-қисабын ұсынуға және мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қаржыландыру шартына қатысты құнды ақпарат алады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының алғашқы кезеңінде еліміздің 8 өңірі қамтылады: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстары.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған