Отандық актриса, тележүргізуші Анара Батырхан үндістандық тыңдарманына тосынсый жасады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Үнділердің ұлттық киімін киген Анара Батырхан шетелдік тыңдарманына үнді тілінде ән айтып берді.
“Бүгін бір ерекше той болды, ағайын. Арнайы тосынсый ретінде осы кешке шақыртылдым. Америкада менің әндерімді сүйіп тыңдайтын Абхишек есімді үнді тыңдарманым бар екен. Мені 5 жылдың көлемінде қарап, тамсанып әйеліне: “Үнді әндерін қарашы қалай шырқайды” деп айтады екен”, – дейді Анара Батырхан.
Өнер иесі үндістандық күйеу баланың арманын орындады. Өзіне түскен ерекше ұсынысты қуана қабыл алған.
“Сөйтіп ұлдары Яштың тұсаукесерін Қазақстанда жасайтын болғандықтан, әйелі Ақмарал мені тосынсый етіп осы кешке шақыртуды жөн көріпті. Шынымды айтсам, мен мұндай ұсынысты естігенде бірден келістім, қуандым. Абхишектің қандай эмоцияда болғанын вживую көрсеңіздер ғой. Ұмытылмас кеш! Осындай дүние жүзінде менің тыңдарманым болғаны мені қатты қуантады. Аллаға сансыз шүкір! Әр шаңырақта тек қуаныш болсыншы. Не дейін, тосынсый сәтті болды”, – деп жазды актриса.
Үнді тілінде ән шырқаған Анара Батырхан көпшілікті тәнті етті.
“Керемет, тыңдармандарыңыз көбейе берсін”, “Керемет дауыс иесі”, “Осындай тосынсыйлар көп болсын”, “Жарайсың, сіңілім”, “Тойдың гүлі болсыпсыз ғой”, – деп тамсанды желідегілер.