Түркия-Қазақстан достық саябағының ашылу салтанатына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп қатысты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Түркияның бас қаласында енді бауырлас екі елге ортақ достық саябағы бар. Анкараның Мамак ауданында орналасқан саябақтың ауданы 14 мың шаршы метр. Кіре берісінде әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіштері қойылған. Бұдан бөлек саябақта Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері орнатылған. Ашылу салтанатында сөз алған Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынасқа тоқталды:
— «Тілі, нанымы, ата-бабасы, тарихы бір Түркия мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайту жолында жасалған әрбір қадам бізге қуаныш сыйлайды. 1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан бері ілгерілеген қарым-қатынастар бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Қазақстанның қуанышын өз қуанышымыздай білдік, мұңын өз мұңымыздай сезіндік. Қиын күндерде бір біріміздің қасымыздан табылдық. Ақпан айында Түркияда болған зілзалада бізге достық қолын созған Қазақстанның қолдауы біз үшін маңызды. Біздің бауырластық қарым-қатынасымыз бірге табысқа жетуге, ынтымақтастығымызды күшейтуге септігін тигізеді», — деді.
Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов түрік халқын Түркия Республикасының 100 жылдығымен құттықтады:
— «Түркияның жетістігі — біздің де жетістігіміз. Дипломатиялық қарым-қатынасымызға 30 жыл болса да, түрік пен қазақ халқының арасындағы байланыс мыңдаған жылдардан басталады. Біз сіздердей достарымызбен әрқашан мықтымыз. Достығымыз жасай берсін», — деді өз сөзінде.
Достық саябағы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Мамак әкімдігінің атсалысуымен ашылды. Сондай-ақ, саябаққа келушілер спортпен айналысып, демалып уақытын тиімді өткізе алады.