Ақмола облысындағы кәсіпорындарда шетелдік 12 азаматтың заңсыз еңбек еткені анықталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 19-25 маусым аралығында облыс аумағында «Келімсек – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Акция құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге бағытталған.
«Шараның алғашқы үш күнінде көші-қон заңнамасының 218 бұзу дерегі анықталып, 151 шетелдік әкімшілік жауап тартылды, оның 148-і көрші елдерден келгендер. Сонымен бірге, шетелдіктерге баспана берген және олардың келгендігін ішкі істер органдарына хабарламаған 51 қабылдаушы жазаға тартылды. Мәселен, маусымның 12-де Аршалы ауданы аумағындағы кәсіпорындарда шетелдік 12 азаматтың заңсыз еңбек еткені анықталды», — деді ведомстводан.
ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар, облыс аумағында шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын заңсыз тартқаны үшін 16 жұмыс беруші жазаланды.