Ақтау қаласында жолдан өтіп бара жатқан екі қыз баланы көлік қағып кетті, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Полиция мәліметінше, жол апаты 29 қараша күндізгі 13.15 кезінде 31«А» және 31«Б» шағынаудандарының арасындағы жолда болған.
Зардап шеккен 5 және 6 жасар қыздар Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген. Оның бірі сол жерде көз жұмды.
Қыздардың қасында біреуінің анасы болған. Үшеуі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқанда Nissan X-Terra көлігі келіп қаққан.
«Жол апатына түскен қыздың көзінің астында қара дақтар, ісік, екі аяғының балтырында жарақат бар. Жабық ми жарақатын алған, миы шайқалған. Травматология бөлімшесіне жатқызылды» деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлімімен тіркелді. Тергеу жүріп жатыр.