Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жаңа туған нәрестені саудалау фактісі бойынша хабарлама түскен, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
4 мамыр күні сағат 13:00 шамасында облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша жаңа туған сәбиді сатып, ақша алған 35 жастағы күдіктіні ұстады.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері жаңа туған нәресте тапсырылған 38 жастағы күдіктіні ұстады.
Бала сот шешімі шыққанға дейін Ақтаудағы облыстық мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.
Осы дерек бойынша Маңғыстау облысы полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді басталды. Күдіктілерден мойындау жауаптары алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.