Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандарындағы үш ауылда жарық 10 күннен бері жоқ, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бораннан құлаған бағаналарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ырғыз ауданына қарайтын Жаныс би, Шеңбертал, Шалқар ауданындағы Тұмалыкөл ауылында электр желілер үзіліп, тұрғындар жарықсыз қалды.
«Ауылдарды резервтегі желіге қосамыз. Жаныс би ауылындағы ішкі желілерді қайта тексеріп шығып, кешке электр тогын бермекпіз. Шалқардың Тұмалыкөл ауылында 10 адам, 4 техника жұмылдырылған. Онда 42 бағана құлаған. Бәрі қайта орнатылды. Ауылдардағы әлеуметтік нысандарға генератор қосылды. Ал халық жарықсыз отыр. Жөндеу жұмысына ауа райы кері әсер етті. Жел күшейген кезде кранмен жұмыс істеу қауіпті. Бағаналар орнатылғанымен, сымын тарту қиындық туғызды», — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев.