Бүгін Ақтөбе өңірінің барлық аудандарында және облыс орталығында Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» атты Dombyra party іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қоғам өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Өңір басшысы Қазақстан халқының бірлігі күні достықты, патриотизм мен бейбітшілікті насихайтын мереке екенін атап өтті.
«Біздің тәуелсіздігіміз бірлікпен, қоғамдық келісіммен және тұрақтылықпен тығыз байланысты. Бірлік күнінде ұйымдастырылған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» іс-шарасын өткізуіміз өте символдық мәнге ие. Өйткені домбыра қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы. Ұлы даланың ұлттық аспабының үні Ақтөбе шаһарына, барлық аудан орталықтарына жеткізілді. 6000 бала қазақ халқының көрнекті композиторларының өлмес шығармаларын бір мезетте орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл үшін көп рахмет. Осындай өскелең ұрпағы бар Қазақстанның болашағы зор», — деп атап өтті өңір басшысы.
Ақтөбеде Dombyra party акциясы Өнер орталығынан бөлек, Шығармашылық академиясы ғимараты алдында, Есет батыр шағынауданының Есетбатыр ескерткіші жанындағы алаңы секілді бірнеше жерде бір мезгілде өтті.
Іс-шараға қатысушылар А.Жұбановтың «Би», Құрманғазының «Балбырауын» және Ә. Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлерін орындады.
Облыс әкімі қазақ музыкалық аспаптарының үйірмелеріне баратын этнос өкілдерінің оқушыларына домбыра табыстады. Дарынды жастарды қолдау мақсатында тағы бірнеше балаға музыкалық студияда ән жазуға сертификаттар табысталды.