Вторник, 26 ноября, 2024

Ақтөбеде дәстүрлі келіндер байқауы өтті

22 қыркүйекте Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі қалалық жас келіндер байқауы өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Дәстүрлі түрде үшінші рет өткізіліп отырған байқауға Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдау көрсетіп келеді.

«Үлгілі келін — 2023» дәстүрлі қалалық жас келіндер байқауының мақсаты – мемлекеттік тілге құрмет көрсету, халқымыздың тарихы мен мәдениетін дәріптеу, салт — дәстүріміз бен әдет — ғұрпымызды кеңінен насихаттау және қазақ келініне тән әдемілік, әдептілік, инабаттылық, сымбаттылық, ізеттілік және іскерлік пен тапқырлықты үлгі ету.

Жас келіндер сынын бағалаған қызылар алқасы:

Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы — Гүлжан Маханова;
Бақытты отбасы орталығының мониторинг бөлімінің басшысы — Айнагуль Уразова;
ҚР білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз — Мария Сейлуллақызы;
А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің әлеуметтік мәдени демалыс қызметі бөлімінің меңгерушісі — Шынар Сәрсенғалиева;

Байқауға алғашқы өтініш берген 10 келін іріктеліп, сайыста 9 келін бақ сынады. Сайыс 4 кезең бойынша өтті:

  • Бірінші кезең — «Сымбат көрік сынымен». Үміткерлер өрнекті сөз, көрікті оймен өздерін таныстырды. Келіндердің сөз саптауы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, киген киімі бәрі бағаланды.

  • Екінші кезең — «Білгенге маржан» бұл сайыс сұрақ — жауап ретінде өтті. Онда Отбасылық құндылықтарға сай салт — дәстүр, келіннің өмірлік жарының туған туыстарына ат қою рәсімі, басқа да тұрмыстық салт, жөн — жоралғыны қаншалықты білетіні, әдет — ғұрыпқа байланысты біліктіліктері, ата-енесін сыйлау, салт — дәстүрді білуі, «барған жерін бақытты ететін» келіннің түсінік — танымы сынға түсті.

  • Үшінші кезең — «Өнегелі де өнерлі келін» — бұл кезеңде байқауға қатысушылардың шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, суырып салу тапқырлығы, көркем сөз оқу шеберлігі сыналды.

  • Төртінші кезең — «Қолы алтын». Келіндер еттің нанын жазып, 10 минут ішінде тамақ дайындауға деген икемділіктерін көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орынды Гүлзада Тасмағанбетова, жүлделі ІІ орынды Мадина Тлеу және жүлделі ІІІ орынды Гулнур Уразова жеңіп алды. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Ақмарал Сәндібек, «Инабатты келін» номинациясымен Меруерт Нұрман, «Өнерлі келін» номинациясымен Бейбіт Алдоңғарқызы, «Көрікті келін» номинациясымен Арайлым Байжігітова, «Пысық келін» номинациясымен Ақгүл Нұранова марапатталды.

Жүлде қоры 220 мың теңгені құраған шара соңында орталық басшысының орынбасары Айдарбек Самат байқауға қатысқан келіндерге алғыс айтып, орталық атынан жеңімпаздарды арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықпен марапаттады. Ал, барлық қатысушы келіндерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған