Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейінде өрт шықты. Мектептен 950 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ, алайда мектептегі оқу процесі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Облыстық ТЖД мәліметінше, мектепте өрт болып жатқаны туралы хабарлама таңғы сағат 7:59-да келіп түскен. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар оқиға орнына төрт минутта жеткен.
«Келген кезде мектеп директоры орынбасарының кабинеті ашық жалынмен жанып жатты. Өртенген аумақтың ауданы 21 шаршы метр. Өрт сағат 8:11 ауыздықталып, 8:12-де толық сөндірілді», — дейді облыстық ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Мектеп директорының айтуынша, оқушылар өрт сөндірушілер келгенше қауіпсіз жерге шығарылған. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Алайда мектепте оқу процесі бүгінше тоқтатылған.
«Өрт таңертең бірінші ауысымның сабағы басталатын уақыттан бұрын, мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарының кабинетінен шықты. Компьютер қосулы күйінде қалғандықтан болуы мүмкін. Ата-аналарға хабарлап, балаларды үйге қайтардық. Баланың басы ауырып жатса, дәрігерге апару туралы кеңес бердік», — дейді мектеп директоры Әлия Қасымова.
ТЖД мәліметінше, мектептен 950 адам эвакуацияланған. Оның ішінде 60 мұғалім бар. Өрт сөндіруге 53 өрт сөндіруші мен 14 техника жұмылдырылған. Алдын-ала болжам бойынша, өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін.