Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына биыл 200-ден астам курсант оқуға түссе, оның 22-сі – қыздар. «Әскери медицина» мамандығы бойынша білім алмақ, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Конституция күні қарсаңында институт базасында әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Бүгін Сіздер Қазақстан халқына және оның заңды түрде сайланған Президентіне адал қызмет етуге әскери ант қабылдағалы тұрсыздар. Әскери ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оқу бағдарламасын табысты игеріп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үлгілі әскери қызметшісі болуларыңа шын тілектестігімді білдіремін. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел — құл болмайды» — деген қанатты сөзін естен шығармай, Отанымыздың игілігі мен дамуы үшін аянбай қызмет етуге шақырамын, — деді өңір басшысы.
Әскери институтқа оқу түскендер – еліміздің түкпір-түкпірінен. Жамбыл облысы Тараз қаласынан келген Нұрасыл Құрман бала кезінен ұшқыш болуды армандапты. Бүгін Отан алдында адал болуға ант қабылдады.
Нағашыларымда әскери қызметтегі адамдар бар. Ұшқыш болуды бала кезімнен армандадым. Оқуға түсу қиын болды. Бірақ, Тараздан келіп тұрған соң, намысты қолдан бермей, оқуға түсуге, далалықта болған 40 күндік іріктеуден өттім. Мамандығым – «Жауынгерлік басқару офицері», яғни ұшақтарды басқарамын. — деді жас курсант Нұрасыл Құрман.
Ұшқыштар институты Орталық Азиядағы ұшу және инженерлік-техникалық құрамды бірлесіп оқытуды жүзеге асыратын жалғыз әскери оқу орны. Тәуелсіздік алғалы әскери институттан Қарулы күштер қатарына 2700-ден астам офицер қосылды.
Қазіргі уақытта оқу орны 13 біліктілік бойынша жоғары әскери-кәсіптік білім беру бағдарламасымен офицерлік кадрларды оқу процесіне заманауи авиациялық тренажерді енгізе отырып, әзірлеуде. 2021 жылдан бастап институт ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша мамандар даярлауды бастады.