Ақтөбе қаласындағы музыка пәнінің мұғалімі Гүлсана Мағзымбетова ерекше балаларға музыкалық аспапта ойнауды үйретіп жүр. Естуінде ақауы бар қатысушылар үшін ұстаз әртүрлі түстер мен геометриялық фигуралар арқылы нота үйрету методикасын ойлап тапқан, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, педагог жеті нотаны жеті түрлі түске бояп, бес саусақты геометриялы пішіндерге ауыстырыпты.
Оқу әдістемесінің авторлық құқығы бар және ол Берн конвенциясы арқылы бірнеше елде қорғалған.
Гүлсана Мағзымбетовадан бүгінде түрлі сырқаты бар 30 бала тәлім алып жүр. Бойындағы түрлі дерттеріне қарамай, ұлттық аспапта ойнауды меңгерген өнерпаздар қалалық байқаулардан бастап, облыстық, республикалық бәйгелерде көзге түсіп келеді. Ақтөбелік ұстаздың айтуынша, бұл әдіс балалардың денсаулығына оң әсер етеді.
«Кез келген музыкалық аспапта ойнау адамның екі ми бөлігі бірден жұмыс істеуге итермелейді. Цебральді сал ауруына шалдыққан балалардың қол моторикасы жақсы дамиды. Осы әдістеме арқылы басқа да аспаптарда ойнауға болады», -дейді Гүлсана Мағзымбетова.
Айта кету керек, жас ұстаз Гүлсана Мағзымбетова мемлекеттік грант ұтып алып, екі орталық ашқан. Ерекше балалар үшін музыкалық аспаптармен жабдықтап, өнерге қызығушылығы бар балаларды қабылдайды. Оның пікірінше, мүмкіндік қашан да шексіз!