Среда, 27 ноября, 2024

Әр өңірде IT мектептер болуы тиіс – Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов отандық IT саласын дамытудағы кедергілерді атады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Білім беру ісі мен IT-инфрақұрылымды дұрыс, сауатты ұйымдастыра білу қажет. Біз жаһандық IT-нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуымыз керек. Ол үшін әрбір өңірде өз IT-хабы мен заманауи IT-мектептер болуы тиіс. Алайда, әлі күнге дейін көптеген өңірде цифрлық инфрақұрылым жоқ. Мамандар да жоқтың қасы. Әзірге өңірлер бұл мәселеге тиісті көңіл бөліп отырған жоқ. Бұл – әрбір әкімнің міндеті. Дегенмен, табысты мысалдар да бар. Атап айтқанда, Алматы және Қарағанды облыстарында өңірлік IT-хабтар мен мектептер жұмыс істейді», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының айтуынша, оңтайлы тәжірибені басқа өңірлерге де кеңінен тарату қажет.

«Сондай-ақ, стартап-жобаларды дамыту мәселесінде сұрақтар көп. Бастапқы кезеңде оларды қолдауға көңіл бөлінгенмен, әрі қарай бизнесті кеңейтуге қаражат табылмай қалады. Оның соңы жобаның орта жолда тоқтап қалуына әкеледі. Мұның барлығы IT-индустрияның дамуына кедергі келтіреді. Саланың экспорттық әлеуеті жоғалады. Бұған ірі бизнесті, банктер мен венчурлық қорларды және басқа да құралдарды тарту қажет. Біз қолда бар барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалануымыз керек», — дейді ол.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған