Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Әскери полиция органдары туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Депутат Юлия Кучинскаяның айтуынша, бұл құжат әлемдегі өзгеріп жатқан жағдай және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар ескеріле отырып, әскери полиция органдарының (ӘПО) өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған.
Заң жобасын талқылау барысында Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының ортақ және ерекше өкілеттіктерін бөлу жөнінде түзетулер енгізді. Сонымен қатар негізгі қызмет бағыттарына сәйкес әскери полиция органдарының міндеттерін нақтылау, әскери полиция органдарының құзыреттері мен өкілеттіктерін айқындау ескерілді.
«Әскерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және әскери тәртіпті сақтау үшін патрульдік-бекеттік қызметті жүргізу (патрульдеу) бөлігінде ӘПО міндеттерін кеңейту жөнінде түзетулер қабылданды. Сонымен қатар, ӘПО әскери қызметшілерінің қаруды, арнаулы құралдарды қолдануын реттейтін баптар айтарлықтай пысықталды», — деді Ю. Кучинская.
Ілеспе заң құжат Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің нормаларын «Әскери полиция органдары туралы» Заңы ережелеріне сәйкес келтіруге, сондай-ақ ҚР Президентінің ҚР Қорғаныс министрлігі әзірлейтін әскери жоспарлау жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктерін заңнамалық регламенттеуге бағытталған.