Алакөлге баратын пойыздардағы жолаушы орындарының саны 2023 жылы жазғы туристік маусымға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өседі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚТЖ Алакөлге дейінгі пойыздарда 276 мыңнан астам жолаушы орнын ұйымдастырады
«Алакөл бағытында жолаушылар пойыздары Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 11 бағыт бойынша жүруді жалғастырады. Алғаш рет «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылады», делінген хабарламада.
Сондай-ақ қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ әкімдіктермен, авиатасымалдаушылармен және туроператорлармен бірлесіп Шымкент, Павлодар, Өскемен, Қызылорда қалаларынан Алакөлге дейін интермодальдық тасымалдарды (көліктің екі немесе одан да көп түрі) қалыптастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны да нақтыланады.