Среда, 27 ноября, 2024

«Astana ballet» театрына 10 жыл!

«Astana ballet» театры оныншы мерейтойлық маусымында көрермендерге қызықты әрі мазмұны жоғары қойылымдарды ұсынады. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында театр директоры Александр Совостьянов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Мерейтой қарсаңында театр репертуарындағы үздік қойылымдар, премьералар, танымал әртістермен бірлескен іс-шаралар мен гастрольдік сапарлар көрермендерге ұсынылады. Сондай-ақ, «Urker» тобының 30 жылдығына арналған, театрдың симфониялық оркестрімен бірлескен концерті өтеді. Бұл концерт мамыр айында Алматыда да өтеді деп жоспарлануда.

Маусымның тағы бір ұмытылмас қойылымы заманымыздың әйгілі әртістері Светлана Захарова мен Диана Вишневаның қатысуымен өтетін «Кармен-сюита» спектаклі. Бірі сәуір айында, екіншісі мамыр айында көрсетіледі. Спектакль оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Көрермен қауым Ж.Бизе – Р.Щедриннің музыкасына кубалық хореограф Альберто Алонсо қойған, техникалық орындалуы тұрғысынан аса күрделі әрі буырқанған сезімге толы «Кармен-сюита» балетін тамашалай алады,- деді театр директоры Александр Совостьянов.

Қазақстандағы Франция елшілігі жыл сайын Франкомфония көктемі деген атаумен мәдени іс-шаралар өткізеді. Биыл театр көрермендері үшін елшіліктің де тартуы бар. Францияның «Rue des arts» ұжымы елімізде алғаш рет өнер көрсетіп, әйгілі «Costard» қойылымын 9-сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында көрсетеді.

Сондай-ақ, 15-16 сәуірде екі премьера болады. Театр әртістері Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбетәлиевтің «Nine» атты заманауи бір актілі балеттері көрсетіледі. Ал 1-мамырда І республикалық «Ашық сахна» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтсе, «Жеті қазына» хореографиялық миниатюрасының премьерасын көруге болады.

Байқаудың арқасында хореография өнері саласындағы дарынды хореограф, сценограф, композитор, сценаристер топ жарған еді. Байқаудың мақсаты – заманауи отандық хореографияны дамытуда тың идеялар мен формаларды тауып, балет өнері саласындағы ұлттық дәстүрдің барынша тамыр жаюына ықпалдасу, — дейді театр директоры.

Сонымен қатар, театр ұжымы 22-23 сәуірде Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен барады. Театр Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының сахнасында Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» және Джордж Баланчиннің «Серенада» балетін ұсынады. Одан бөлек, 13-21 мамыр аралығында театр ұжымы әлемдік және отандық классика жауһарларының хореографиялық қойылымдарын алматылық көрермендерге ұсынуға дайын.

Almaty Theatre сахнасында Дж.Баланчиннің «Серенада», А.Алонсоның «Кармен-сюита», И.Килианның «Жолдан тайғандар», Карина Абдуллинаның «Тағдыр бұлтарыстары» және Мукарам Авахридің «Саломея» секілді туындыларын ұсынамыз,-дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған