Четверг, 28 ноября, 2024

Астана маңында аспан астындағы ең үлкен музей салынып жатыр

Астана маңында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы салынып жатыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

412 гектар аумақты алып жатқан кешен еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей саналады.

Қазір музей аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі 7 метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Кіреберіс пен бекіністегі мұнаралар сол кезеңдегі технология бойынша арнайы жасалған құрылыс материалдарымен қапталады.

Жобаның негізгі мақсаты — ашық астап астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі тарихи кешендердің тарихи реконструкциясы бой көтереді. Әр кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі: сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұстаханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер және т. б.

Болашақта Бозок инновациялық жоба ретінде елорданың ғана емес еліміздің туристік картасында тартымды мәдени инфрақұрылымға айналады деп күтілуде. Тарихи-мәдени жоба шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді.

Бүгінгі жастар көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ақпаратты жақсы қабылдайды. Жаңа форматтағы музей оларға сол дәуірдің атмосферасын, халықтың тұрмысын толық сезінуге және дала өркениетінің озық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта Қазақстанның танымал туристік брендтерінің біріне айналатыны анық. Музей-қорық ашу ішкі және келу туризмін дамытуға мүмкіндік береді, елорда өңірінің инвестициялық тартымдылығын жақсартады, Қазақстанның Еуразияның далалық тарихының сақтаушысы ретіндегі халықаралық имиджінің өсуіне оң ықпал ететін болады, — деді ҚР МСМ «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған