Астанада елімізде алғаш рет атап тойланып отырған Әкелер күніне орай «Әке – отбасының тірегі» атты мерекелік бағдарлама өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
31 мамыр күні Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде бүкіл ел бойынша атап өтілетін Әкелер күні – жаңа мереке күнін белгіледі.
Мерекелік іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Үкімет мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және елорда тұрғындары қатысты.
Әкелер күнінің негізгі мақсаты — дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету, мен «ынталы ата-ана болу» идеясын насихаттау.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз құттықтау сөзінде әкелердің отбасын нығайту мен бала тәрбиесіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті.
«Отан — отбасынан басталады. Ал отбасының тірегі, отағасы мен қара шаңырақтың иесі — әкелер екені белгілі. Бүгін осы жерге өмірдің көптеген қиындықтарына төтеп беріп, жұртқа пана болған қадірлі де құрметті әкелереміз келіп отыр. Барша жиналған әкелер қауымын шын жүректен бүгінгі мерекемен құттықтаймын», — деді министр.
Іс-шара аясында әкелер күніне орай әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі, мерекелік концерт және балалар шығармашылығы көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, республика ел бойынша Әкелер күніне орайластырылған іс-шаралар ұйымдастырылды. Сараптамалық алаңдар, дөңгелек үстелдер, көп балалы әкелердің қатысуымен отбасылық жарыстар өтті.
Айта кетейік, Әкелер күні отбасылар мен отбасылық құндылықтарды біріктіретін дәстүрлі отбасылық мерекеге айналмақ.