ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбайдың 65 жасқа толуына орай «Қарашығымдағы қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бүгінгі қазақ поэзиясының бағын ашып, бағасын асырып жүрген көрнекті ақын Ғалым Жайлыбайдың есімі Алаш жұртына жақсы таныс. Қазіргі таңда поэзия тарланының жауһар жырлары шет тілдеріне аударылып, шартарапқа да таныла бастады.
Шығармашылық кешке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ұжымының Бас директоры Диқан Қамзамбекұлы, ақын Қазыбек Иса, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Ғалым Жайлыбай поэзияда кең құлашты эпикалық жанрға да, гүл қауашағындай нәзік лирикаға да қатар қанат қаққан, екеуін шебердің қолынан шыққан өрімдей қатар өрген кең тынысты ақын. Ағаның сазды өлеңі, кестелі сөзі, жарау аттай жұтынған жырлары әр буынның құрдасы да, сырласы да болары анық.
«Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Киiкқашқан», «Сұрақ белгі» сияқты сүйекті дүниелері өткен ғасырда халқымыз бастан кешкен зұлмат пен зобалаңды, қырғын мен сүргінді классиктерге тән дәлдікпен, ширауы жеткен шымырлықпен жеткізді.
Ал жаһандық пандемия жайлаған тұста, көңілдерге күдік ұялаған кезеңде көптің көкейіндегі ойды көркем кестелеген, мәңгілік сауалдарға мән іздеген «Сұрақ белгісі» поэмасын көзіқарақты оқырман жоғары бағалағаны анық.
«Қара орамал» шығармасы арқылы саяси репрессия мен ашаршылық жылдардағы қайғы-қасіретті жеріне жеткізе жырлап, шерлі дәуірдің шежіресін адамзаттық мәселе биігіне көтерді. Осылайша, арқалы ақыннан зерделі зерттеушіге айналды.
«Қара орамал» поэмасы әлемнің көптеген елдерінің тіліне аударылып, оқырман қауымның құрмет-ықыласына бөленді», — деп жазды министр Дархан Қыдырәлі желідегі парақшасында.