Әртүрлі өмірлік ситуацияларда батырлық көрсеткен балалар Астанада жиналды. Қаһарман балалардың батылдығының арқасында елімізде 9 адамның өмірі құтқарылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Елордаға Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан 11 оқушы келді. Олар батыл әрекеттерінің арқасында төтенше жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалды. Олардың ішіндегі ең кішісі – сегіз жасар қарағандылық Нұриден Амантай. Ол үйі отқа оранған кезде қарындасы Рабияны өлім аузынан құтқарып қалған.
Төтенше оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. От шарпыған тұрғын үй толығымен қирап, күйік салдарынан балалардың атасы мен әжесі қайтыс болды. Ержүрек баланың қолы мен бетін күйік шалды.
– Өрт үйде мен қарындасым және әжем мен атам болған кезде пайда болды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылды. Біз ол кезде ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем не болғанын көру үшін дәлізге шықты, олар ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін мен олардың артынан барып, пештің жанында бәрі лапылдап жатқанын көрдім. Мен дәлізден шыға алмайтынымызды түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секірмек болдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келіп, мен оларға қарындасымды беріп, өзім шықтым, – дейді Нұриден Амантай.
Қазақстанның білім министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық оқушыларға ерлігі мен табандылығы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналарына алғыс хаттар табыс етті. Оқушыларға лагерьге жолдамалар, энциклопедиялар және спорттық құралдар табыс етілді.
– Адамның өмірін құтқару – бұл керемет батырлық. Біздің мектеп оқушыларының арасында керемет батылдық пен ерлікке ие балалар бар екенін мақтан тұтамын. Еліміздің осындай азаматтарын тәрбиелегені үшін ата-аналары мен мұғалімдеріне алғыс айтамын, – деді Ғани Бейсембаев.
Астанада балалар мәдени-демалыс орталықтарына барып, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен, қазақстандық дзюдошы және самбист Руслан Сейілхановпен және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшыларымен кездесті.