Пятница, 29 ноября, 2024

Астанада ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі ашылды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесінің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

ИИДМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, үшкүндік ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Бүгінгі форум бизнесті одан әрі дамытуға айтарлықтай әсер ететініне сенімдімін. Көрмеге Австрия, Германия, Израиль, Италия, Канада, Қытай, Түркия, Франция және Швейцарияны қоса алғанда әлемнің 17 елінен 250-ден астам делегат қатысуда. Көзделген негізгі мақсат – еліміздегі индустриялық-инновациялық кешеннің тұрақты дамуына ықпал ету,- деді ҚР ИИДМ басшысы М.Қарабаев.

Ресми ашылу салтанатынан кейін ведомство басшысы мен «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев көрмеге қойылған экспозицияларды аралап шықты.

Көрменің маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді. Мұндай форматтағы іс-шаралар бизнес үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту, жаңа серіктестер табуда үлкен үлес қоспақ,- деп атап өтті М.Пішембаев.

Ondeu Expo 6 маңызды бейінді халықаралық көрмелерді біріктіретінін айта кеткен орынды. Атап айтқанда, Kazakhstan Machinery Fair, Su Arnasy — Water Expo, AgroSpecMash, Сhem Tech Kazakhstan, Stroy Expo Astana және Infra Tech Kazakhstan.

Сонымен қатар көрме аясында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, «Астана-Экспо КС» ШҚ, «Қазақстан Су Арнасы» қауымдастығы, «Грундфос Қазақстан», «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ, QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитеті өкілдерінің ұйымдастыруымен 60-тан астам іс-шара өтеді.

Олардың қатарында металл өңдеудегі инновациялық технологиялар жөніндегі халықаралық конференция, Қазақстанның химия өнеркәсібін дамыту перспективалары, сонымен бірге қалалардың тұрғын үй-коммуналдық секторы мен инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту мәселелері талқыланатын жиын, «Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялау» және «Өңдеу өнеркәсібінің проблемалық мәселелері және даму перспективалары» тақырыбындағы сессиялар бар.

Айта кетерлігі, аталмыш көрме Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы аясында өтуде. Ауқымды іс-шара шеңберінде 10-12 мамыр күндері саланың өзекті мәселелерін жүйелі шешуге арналған бірнеше тақырыптық секциялар ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, көзделген негізгі мақсат –еліміздегі индустриялық-инновациялық кешеннің тұрақты дамуына ықпал ету, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ мемлекет пен бизнес-қоғамдастық өкілдері арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ету.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған