Понедельник, 25 ноября, 2024

Астанада құрылысы 11 жылға созылған тұрғын үй берілді

Астанада құрылысы 11 жылға созылған тағы бір нысан аяқталды. «Future home» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 2017 жылы проблемалық деп танылды. Үлескерлер саны — 200-ге жуық отбасы. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram аккаунтында жазды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Нысанды ЕҚК-ге өткізу кезінде 4 және 7 қабаттары ғана салынған. Бұл үйді аяқтау үшін көптеген жүйелі жұмыстар, оның ішінде инженерлік желілер бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бүгін төрт блоктың тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Ал бесінші блоктың үлескерлері жақын арада баспаналы болады.

Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталды. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілді.

Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалады. Оларды осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтаймыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында», — деп жазды Астана әкімі.

ARDA-Aqparat

Суреттер: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 

 

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған