Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде «Grand Prix Astana» садақ атудан II халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және спортты дамыту дирекциясының директорының орынбасары Азамат Имашев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Биылғы додаға Қазақстаннан өзге Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Судан, Пәкістан, Қырғызстан, Ресей, Корей, Беларусь елдерінен мергендер қатысуда. Мұндай халықаралық сайыстың біздің елімізде оның ішінде еңселі елордамызда өткізіліп отырғаны біз үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Жарыстың мақсаты – мергендік дағдыны жетілдіруде тәжірбие алмасу және достық қарым-қатынасты нығайту. Бүгінгі жарыста үздіктің үздігі жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз», – деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Айта кетейік, аталмыш додаға әлемнің 10 елінен 125-ке жуық құралайды көзге атқан кіл мергендер қатысуда. Енді сұрмергендер бес күн бойы әртүрлі қашықтан, жылдамдықтан, әртүрлі нысаналар бойынша оқ атудан үздік атағына иелену үшін барын салып күреспек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша аталмыш жарыстың маңыздылығы ТМД елдерімен және алыс шетелдермен достық байланысты нығайтуға бағытталған ерекше оқиға болып табылады.
Осылайша, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені алаңы бес күн бойы кіл мергендер мекеніне айналмақ. Айта кетейік жарыс 18 маусымға дейін жалғасады.