Елордада халықты таза сумен қамту үшін үшінші сорғы-сүзгі станциясы салынып жатыр және тағы бір кәріз-тазарту қондырғысы жобалануда. Бұл туралы Үкімет отырысында кәріз тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселелері қаралып жатқан жиында айтылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазіргі уақытта елордада жалғыз кәріз-тазарту қондырғысы жұмыс істейді. Оның жобалық қуаты тәулігіне 254 мың текше метр, ал нақты жүктемесі – тәулігіне 260 мың текше метрден асып тұр. Халық санының өсу қарқынын, сондай-ақ құрылыстың жоғары қарқынын ескере отырып, елордаға қосымша су жабдықтары қуаты қажет», — деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Үкіметте.
Оның айтуынша, қаланы таза судың тиісті мөлшерімен қамту үшін өндімділігі тәулігіне 105 мың текше метр болатын үшінші сорғы-сүзгі станциясы салынып жатыр.
«Бұл жобаны келесі жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жаңа сорғы-сүзгі станциясы пайдалануға берілген соң, қазіргі кәріз тазарту қондырғысына жүктеме де бірнеше есе артады. Қосымша пайда болатын кәріз ағындарын толыққанды тазарту үшін екінші кәріз-тазарту қондырғысының құрылысы жобалануда. Жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме қаралып жатыр. Сараптаманы алуды 2023 жылдың мамыр айына жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін 2-3 жылда аталған жобаны аяқтау қажет, тиісті жұмыс орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде», — деп түсіндірді елорда әкімі.