Елордада «Сал-сері» галереясында «Ұлы дала сазы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
21 наурызда «Сал-сері» галереясында белгілі суретші Қуат Асқаровтың «Ұлы дала сазы» атты жеке көрмесінің вернисажы өтті.
Қуат Асқаров 1963 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген, Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. 2008 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың үздік суретшісі» номинациясының лауреаты (2014), Ә.Қастеев атындағы «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалінің иегері (2015).
Жеке көрмелері Теміртау қаласының қалалық мұражайында, «Ұлар» заманауи өнер галереясында (Алматы), «Шежіре» галереясында (Астана), Қазіргі заманғы өнер мұражайында (Астана), Бейбітшілік және келісім сарайында (Астана), Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында және т.б. жерлерде өтті. Қуат Асқаров – республикалық, шетелдік және халықаралық көрмелердің қатысушысы.
Суретшінің жұмыстары Германия, Түркия, Франция және ТМД елдеріндегі өнерсүюшілердің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Қуат Асқаров – халықтың рухани-көркемдік дәстүрлері арқылы қазіргі өмірді ұғыну жолында үнемі жаңа мән-мағыналармен толықтырыла алатын негізге айналған ұлы тақырып суретшісі.
Көрмеге 20-ға жуық картина қойылған. Автор қазақ мифологиясының образдары мен сюжеттерін аллегориялық интерпретациялауға жүгіне отырып, өзіндік көркем бейнелеу құралдарын жасады. Суретшінің картиналары шын мәнінде қазақ мәдениетінің рухымен сусындаған, терең философиялық мағынаға толы және көп мағыналы таңбалармен байытылған.
Суретші дәстүр мен жаңашылдықты, классикалық пен заманауилық үйлесетін ұлттық болмыстың жаңа формаларын іздейді. Суретшінің туындылары қазақ халқының бай мәдени мұрасын дәріптейді, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті көрсетеді, жоғары көркемдік шеберліктің жарқын үлгісі.
«SAL-SERI» галереясы барша өнер сүйер қауымды «Ұлы дала сазы» көрмесінің вернисажына шақырады. Астана тұрғындары мен қонақтары жұмыс күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін көрмені аралай алады. Кіру тегін.