Елордада бірнеше қоғам қайраткерлері мен жазушыларға көше беріледі. Бұл туралы қалалық Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бүгін Астананың кейбір көшелеріне атау беру және олардың атын өзгерту ұсыныстарын талқыға саламыз. Атап айтқанда, А-23 жобалық көшеге Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгері, майдангер жазушы, білікті журналист Әскер Нәбиевтің атын беру, А-24 жобалық көшеге – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтың атын беру, Е-12 жобалық көшеге – қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру, Е-20 жобалық көшеге – әйгілі академик, ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шапық Шөкиннің есімін беру, Е-753 жобалық көшеге – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, дәрігер, ғалым, профессор Санжар Асфендияровтың есімін беру, №187 жобалық көшеге – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақтаевтың атын беру, №189 жобалық көшеге – қазақ даласынан шығып, Мысыр елінде 17 жыл мәмлүктерді басқарған Бейбарыс Сұлтанның есімін беру», — деді Сәкен Есіркеп қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Сонымен бірге №23-16 көше мен Мағжан Жұмабаев даңғылын біріктіріп, Мағжан Жұмабаев даңғылы деп қайта атау көзделіп отыр.
«Оң жағалаудағы ескі Мәншүк Мәметова көшесіне Іле өзені бойындағы 17-18 ғасырдағы ортағасырлық қаланың аты «Қарамерген» деген атты ұсынып отырмыз. Бұқар жырау көшесіне яғни, Ботаникалық бақтан Mega Silkway сауда-ойын-сауық орталығына дейін жалғасқан Сауран көшесінің қысқа бөлігін Гейдар Әлиевтің есімімен атау жоспарланған», — деді спкиер.
Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты толық қолдады.