Вторник, 26 ноября, 2024

«Астрахань — Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды

Атырау облысында кешенді күрделі жөндеу нәтижесінде кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми түрде іске қосты.
Батыс өңірінің әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызы зор жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.

Қайта жаңғыртылған «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады.
Жоба шеңберінде тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы шамамен 177 шақырым магистралды су құбырының екі учаскесі ауыстырылды.
Құрылысқа 500-ден астам адам жұмылдырылған.
Соның нәтижесінде «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін артты.

«Біздің мақсатымыз – 2026 жылға қарай елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз етіп, халық пен өндіріс орындарын одан әрі тұрақты су көздерімен қамтамасыз ету. Ол үшін жаңа гидротехникалық құрылыстар мен су құбырларын салу және қазіргі құбырларды жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып отыр. Елді мекендерге су тарату желілері салынуда, ал шалғай ауылдарда жер асты көздерінен сорғы модульдері орнатылып жатыр. Алдымызда әлі де көп жұмыс бар», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

ARDA-Aqparat

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған