Батыс Қазақстан облысында тұратын әйел Атырау қаласына келіп бір емес, екі сәбиін сатып жібергені белгілі болды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысынан Атырауға келіп, нәрестесін сатып жіберген әйел туралы жазған едік. Атырау облыстық Полиция департаментінен сол кезде мәлім еткендей, 32 жастағы әйел күйеуіне баланың қайтыс болғанын айтып, сәбиін сатып алатын адам іздеген. Солай, екі адамды тапқан. Көбірек ақша ұсынғанына баласын ұстатып жіберген.
«Қазір күдікті әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті әйел мен баласына сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Бала сатуға байланысты куәгерлерден жауап алынды», — деген еді Атырау облыстық Полиция департаментінен.
Рolisia.kz мәліметіне сүйенсек, аталған әйел бір емес, екі сәбиін сатып жіберген.
«Атырау облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 1 және 2 жасар сәбилерін сатып жіберген Батыс Қазақстан облысының 32 жастағы тұрғынын анықтады.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодексінің 135-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдікті анықталып, қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», — делінген Рolisia.kz хабарламасында.