Атырау облысында Қашаған жобасының D аралында жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл деректі NCOC компаниясы растады.
Компанияның ақпаратына қарағанда, қайғылы оқиға 9 ақпанда болған.
Қайтыс болған жұмысшы мердігердің бірі – «Сaspiy Ak Zhelken» компаниясында жұмыс істеген.
«Сaspiy Ak Zhelken мердігерлік компаниясы қызметкері кенеттен қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның өндіріске қатысы жоқ. NCOC компаниясы қайтыс болған қызметкердің отбасына көңіл айтады. Жақын адамын жоғалтқан отбасыға жан-жақты көмек көрсетілді», -деп хабарлады NCOC компаниясынан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Теңіз кен орнындағы жарылысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.
Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, оқиға 8 ақпан сағат 13:50 шамасында Теңіз кен орнының өндірістік аумағынан тыс жерде болған.
«West Dala» компаниясына тиесілі вакуум цистернасы жарылған.
Соның салдарынан 30 жастағы жұмысшы оқиға орнында мерт болды. Ал 29 жастағы жұмысшы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
«Теңіз кен орнында бір жұмысшының мерт болып, екінші адамның жарақат алуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабымен (еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) жүріп жатыр», — деп мәлім етті полиция департаментінің баспасөз қызметінен.