Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері жылдамдықты асырған 12 мыңнан астам жүргізуші анықталған.
«Атырау облысының аумағымен өтетін республикалық маңызы бар тас жолдарда жыл басынан бері 38 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлік апатының салдарынан 33 адам мерт болды. Ал, 57 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғасының басым бөлігі жүргізушілердің басып озу ережесін бұзуы, жылдамдықты шамадан тыс асыруы салдарынан болып отыр», -деп хабарлады патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметов.
Оның айтуынша, республикалық маңыздағы тас жолдарда көлік апатының алдын алу үшін рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
«Соңғы 10 күнде өңірдегі республикалық тас жолдарда болған 2 жол-көлік оқиғасынан 8 адам көз жұмды. Жол-көлік оқиғалары жүргізушілердің кінәсінен екені даусыз. Өйткені, жүргізушілер басып озуға тыйым салынған жол белгісін елемейді. Сөйтіп, жылдамдықты асырып, алдындағы көліктен озу үшін жолдың қарсы бағытына шығады. Жыл басынан бері тас жолдарда жылдамдық режимін сақтамаған 12 809, басып озу ережесін бұзған 611 жүргізуші анықталды. Оларға тиісті шаралар қолданылды», -деп мәлім етті Әділбек Шахметов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында екі көлік соқтығысып, 7 адам мерт болғанын хабарлаған едік.