Четверг, 28 ноября, 2024

Атырауда Махамбетке арналған ақындар мүшәйрасының жеңімпазы анықталды

Атырауда дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, мүшәйраға «Тартынбай сөйлер асылмын» тақырыбы таңдалған. Республикалық жазба ақындар мүшәйрасына еліміздің әр өңірінен 18-40 жас аралығындағы 19 ақын қатысты.

«Мүшәйраны өткізудегі мақсат – Махамбеттің ақындық қуатын өлеңдері арқылы кейінгі буынға насихаттау, отаншылдық қасиетті жастардың бойына дарыту. Жас буын өкілдерінің ана тіліне, бабадан мұраға қалған шешендік өнерге баулуды көздедік. Жас ақындар осындай мүшәйраға қатысып, шығармашылық шеберлігін шыңдайды. Кейінгі буынның қазіргі қазақ поэзиясына деген құштарлығын оятып, рухани тәрбиесін жетілдіргенін қаладық», — дейді Әбіл Жоламанов.

Сайыста ақындар алдымен өз өлеңін оқыды. Содан соң Махамбет шығармаларынан үзіндіні жатқа айтты. Соңында 8-10 минутта өлең жазып, суырыпсалмалық қабілетін танытты.

«Ақындарға қойылған талап өте күрделі болды. Сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, әдеби теңеу, эпитет, метафора, көркем мәтіннің орындалу шеберлігі, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, сахна мәдениетіне назар аударылды», — дейді Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Қазылар алқысының шешімімен атыраулық ақын Асыланбек Шығыров бас жүлде жеңіп алды. Ал Батыс Қазақстаннан облысынан қатысқан Әділет Орынбасаров І орынды, павлодарлық Жарқын Әбу ІІ орынды, маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсал ІІІ орынды иеленді.

Өзге қатысушыларға Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, М.Сатыбалдиев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова, А.Ершуов, М.Отаралиев, Н.Әжіғалиев, Т.Досымов, Д.Жазықбаев, М.Неталиев, Қ.Сағиев, А.Өтегенов, Қ.Оразов, К.Нәбиева атындағы арнайы жүлде берілді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған