Атырау қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, құтқарушылар өрт кезінде 7 адамды құтқарды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
30 мамыр сағат 10:35-те Атырау қаласы Сырым Датов көшесінде орналасқан 6 қабатты үйлердің бірінің балконынан түтін шыққаны туралы шақырту түскен. Өрт сөндірушілер бесінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың жануын анықтады.
Атырау облысы төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, құтқарушылар оқиға орнынан 44 адам , оның ішінде 15 баланы эвакуациялады.
Өрт салдарынан 30 шаршы метр көлемінде тұрмыстық заттар жанды. Өрт сөндірушілердің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде 30 минут ішінде адамдар құтқарылып және өрт жойылып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол берілмеді, — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қазіргі таңда, өрттің шығу себептері анықталуда. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Атырау облысы ТЖД 12 қызметкер мен 3 бірлік техника жұмылдырылды.