Атырауда Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға батқан ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 10 наурызда түн ортасында болған.
«Атырау қаласының Жұмыскер шағын ауданы маңында Жайық өзенінің мұзы ойылып, 1 адам суға түсіп кеткен. Бұл департаменттің диспетчерлік пультіне бүгін, 10 наурызда түнгі сағат 01:04-те хабар түсті. Белгілі болғандай, Жайық өзенінің жағасында түнгі уақытта балық аулап отырған 2 адам көмек сұраған дауысты естіген. Олар өзен мұзы ойылып, суға құлаған адамды көрген. Құтқарушыларға хабар беріп, өздері суға батқан адамды құтқаруға кіріскен. Көмек сұраған азаматты қайыққа мінгізгенімен, өздері мұз ортасында қалған», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жетіп, мұз үстінде қайықта отырған 3 адамды құтқару жұмысын жүргізген. Құтқарушылар қайықты арқанмен жағаға сүйреп жеткізген.
«Жайық өзеніне суға құлаған ер адамның жасы шамамен 35-40-тің аралығында, ал, оны құтқаруға тырысқандар 1979 жылғы ер адам мен 2004 жылғы жасөспірім екені анықталды. Үшеуі де жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырылды. Олардың жағдайы қалыпты», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Құтқарушылар ауа райының жылынуына байланысты Жайық өзенінің мұзы еріп, адам өміріне қауіп төндіретінін ескертіп отыр.