Алматыдағы «Алтын Орда» базарында тағы дау шықты. Бұл жолы кеңсе тауарларын сататын саудагерлер орын бөлісе алмай әлек, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Сатушылар «жайма базарға айналған кеңсе тауарлар жәрмеңкесін бір орынға топтастыру керек» деп талап қойды. Наразылықтарын жеткізу үшін базар әкімшілігінің алдына жиналды. Олардың айтуынша, келушілер азайып кеткен.
“Қазір ғимарат ішіне адам кіріп жатқан жоқ. Себебі базардың сырты, жан-жағы кеңсе тауаларына толып кетті. Сыртта отырғандарды жиыстырса, жақсы болар еді”, – деді сатушы Жанна Жәлімбетова.
Алатын айлығы шайлығына жетпейтін олар 7-8 миллионға дейін тауар алып, қарызға белшесінен баттық деп отыр. Саудагерлер «егер оқу науқаны қарсаңында сауда жасап үлгермесек, жыл он екі ай несие төлейміз» дейді.
“Қарашадан бері сауда жоқ. Не жалға алған орынның, не несиенің ақысын төлеуге қаржы жетпейді. Қарыз көп. Жылда тамызда жәрмеңке болады, бір жерге топтаса, халық өзі ағылып келетін еді, – деді сатушы Мейрамгүл Төреханова.
Ал «Алтын Орда» базарына жуырда келген жаңа басшылық мәселеден хабардар. Базар әкімшілігі сауданың сан-саққа бөлінуіне азаматтар өздері кінәлідеп есептейді.
“Бұл кісілер бірінші қабатқа даладағы саудагерлерді кіргізуді талап еткен. Ал олар наразылық көрсетіп жатыр. Себебі олар қазір отырған орынды 1 миллион 500 мың теңгеге жалға алған”, – деді сауда орталығының заңгері Ізбасар Өтеулин.
Сауда орталығы әкімшілігінің айтуынша, жәрмеңкеде ғана жұмыс істеуге келген кәсіпкерлер жекеден жалға орын алып, 1-2 ай ғана сыртта сауда жасайды екен. Ал сол уақытта ғимарат ішіндегілердің тіршілігі бірден бәсеңдейді. Сондықтан олар «жабайы сауданың алдын алып, жалпының жұмысы жақсы жүруі үшін барлығын бір орынға топтастыру дұрыс шешім болар еді» дейді.