Четверг, 28 ноября, 2024

Ауыл медицинасын жаңғыртуды жеделдету керек

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ОМО мен ЖАО өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру штабында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният алдағы екі жылда ауылдарда жаңа 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандарын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты баяндады. Олардың қатарында физиотерапия кабинеті мен дәріхананы, фельдшерлік-акушерлік бекеттерді (ақпараттандыру кабинеті қосылды) және дәрігерлік амбулаторияларды (ЕДШ залы қосылды) қамтитын заманауи медициналық бекеттер бар. Физиотерапия кабинеттері электротерапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, фототерапия, ультракүлгін терапиясы, ингаляторлар және басқа да құрылғылармен жабдықталатыны атап өтілді. ЕШД залында ұсақ моториканы қалпына келтіру мен дамытуға арналған түрлі тренажерлар, эрготерапияға арналған стендтер, швед қабырғасы, кинезотерапияға арналған жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар барлық жаңа МСАК нысандары телемедицинаны ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ұлттық жоба шеңберінде инсульт және кардиологиялық орталықтар, оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшелері ашылып, көпбейінді орталық аудандық 32 аурухананы жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау мекемелері үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланған. Олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер мен акушерлер бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жаңа медициналық нысандардың үлгілік жобаларын жергілікті жағдайға бейімдеу жұмыстары туралы айтты. Ұлттық жобаның өңірлерде жүзеге асырылу барысы туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндады. Үкімет басшысы жиынды қорытындылай келе, үлгілік жобаларды жергілікті жағдаймен байланыстыру, сондай-ақ құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникация мен жол тарту жұмысын жеделдетуді талап етті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық жобаны үйлестіру мен бақылауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.
ARDA-Aqparat

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған