Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясына 1 трлн теңге бөлінеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар орындалмай жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді», — деді Мелекет басшысы.
Президенттің пайымынша, елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет жоспарланған барлық жобаларды жүзеге асыруға міндетті.
«Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.