9-14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін 36-шы Азия чемипонатына құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатыспақ, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.
«9-14 сәуір аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында күрес түрлерінен осымен 36-шы Азия чемпионаты өтпек. Бұл жарысқа Азия құрлығының 24 мемлекетінен 300-ге жуық спортшының қатысуы жоспарланып отыр. Олардың арасында Олимпиада ойындарының 7 жүлдегері, Әлем чемипионаттарының 5 жеңімпазы қатысады. Сондықтан, дүбірлі дода болайын деп тұр. Негізі бұл – Азия чемпионаты, лицензиялық турнир емес. Бірақ, Азия ойындарының алдындағы, Әлем чемпионатының алдындағы негізгі жарыстардың бірі болып есептеледі», — деді комитет өкілі.