«Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов кезінде құмар ойындарының құрбаны болғанын көпшіліктен жасырмай айтып берген болатын. Бір күнде 22 мың доллардан ұтылған әнші кино түсіруге қалай келгенін «1001 түн» бағдарламасында баяндап берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Жаңылыстым, қателестім, шалыс бастым. Оны елдің алдында мойындау арқылы өзімнің жан дүниемді тазалап алғаннан кейін, қателескенімді мойындағаннан кейін өмірдің өзі осы ағынға алып келді.
Солай «Ақ пен қара» кітабы жазылып кетті. Әйтпесе, кітап жазу үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Кітап он мың тиражбен шықты, бәрі сатылып кетті. Сол кезде «Мынау дайын сценарий екен. Бағлан аға, кино түсірмейсіз бе?» деп ұсыныс айтылды.
Бірақ ол кезде маған кино әлемі мүлде бөлек, қолымнан келмейтін, жат нәрсе еді. Уақыт өте келе міне, кино түсірілді. Жасыратын ештеңесі жоқ, құмар ойынға барып жүргенде бір күнде 22 мың доллар ұтылдым. Сол кезде «Бәке, бір сериал түсіретін ақшаны ұтылдың ғой» деп айтқан», — деді Бағлан Әбдірайымов.