«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері өседі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бала күтімі бойынша
Аталған заң аясында бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі ұзарады. Бұған дейін ол тек 1 жыл болса, келер жылдың басынан бала 1,5 жасқа толғанша жәрдемақы төленбек. Ескеретіні – 2022 жылы туған бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал, 1 қаңтардан кейін туған нәрестелер үшін бірден 1,5 жылға тағайындалады.
Сонымен қоса, төлем алушы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда, әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады.
Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге), төртінші және одан да кейінгі балалар үшін – 8,9 АЕК (30 705 теңге) болмақ.
Бала тууға байланысты
Бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері де өседі. Нақты тоқталсақ, жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші бала үшін – 38 АЕК (131 100 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (217 350 теңге) болмақ. Ал, отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, онда жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Көпбалалы отбасыларға
Көпбалалы аналарға, яғни төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Мәселен, 4 балаға – 16,03 АЕК (55 304 теңге), 5 балаға – 20,04 АЕК (69 138 теңге), 6 балаға – 24,05 АЕК (82 973 теңге), 7 балаға – 28,06 АЕК (96 807 теңге), 8 балаға – 32 АЕК (110 400 теңге) төленеді. Ал, сегіз баладан көп отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады. Демек, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге) беріледі.
Мұнымен қоса «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне ай сайын 6,4 АЕК (22 080 теңге) мемлекеттік жәрдемақы төленеді.