Среда, 27 ноября, 2024

Баланы еркіндікке үйрететін ойыншықтар. Мария Монтессоридің әдісі

Қазір балаларды қызықтыратын ойыншықтардың сан түрі бар, соның ішінде танымды арттыратын, ағаштан жасалған Монтессори ойыншықтары ерекше сұранысқа ие. Олар пайдалы, ыңғайлы әрі сәнге айналған.

«Ол ойыншықтар қайдан бастау алды?», «Балалар әлемінде танылуына не себеп?» деген сұрақтарды зерттеп көрдік.

Мұндай ойыншық Монтессори әдісінің келуімен пайда болған. ХІХ ғасырда бұл әдісті итальяндық ұстаз, дәрігер Мария Монтессори ойлап тапты. Алғашқыда ол дамуында кідірісі бар және мүгедек балалармен көп жұмыс істеп, солар үшін жасаған. Алайда тиімділігіне көзі жеткен соң бұл ойыншықтарды әртүрлі жастағы балаларға бейімдеген екен.

Мұндай ойыншықтар баланы жан-жағындағы заттарды өз бетінше тануға, яғни ата-ананың көмегінсіз тәуелсіз өмірге үйретеді. Себебі, оның топтамасында шеңбер, төртбұрыш, үшбұрыш, жұлдызша пішініндегі фигуралар, қосу, алу таңбасы сияқты ойыншықтар түрлі түсімен бар. Жалпы айтқанда, бұл әдістің негізгі принципі баланың таңдауында сын мен тыйымның болмауын, оның іс әрекетіне көп араласпауды көздейді.

Монтессори әдісін үйрететін арнайы мамандар бар. Олардың міндеті баланы қызықтырып, оның таңдауына ерік беріп, өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонда ғана баланың өз ойында, сезімінде, іс-әрекетіндде толық еркіндік болады. Әр бала өз жылдамдығымен, ешкіммен жарыспай, стресске түспей дамиды.

Ойыншықтар ұсақ моторика мен сезу мүшелеріне тікелей әсер етеді. Моншақтарды жіпке байлау, дәнді дақылдарды сұрыптау, ұсақ заттарды әртүрлі ыдыстарға бөліп салу сияқты техникалар баланың зейінін арттырып, сөйлеуіне, интеллектіне және есте сақтау қабілетінің дамуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, бұл ойыншықтарды үй жағдайында жасауға болады.

Ерекше ойыншықтардың пайдасын психологтар да танып, бүлдіршіндерге қажет әрі зиянсыз екенін айтады. Сонымен қатар, аталмыш ойыншықтар шығармашылық пен креативті ойлау жағын дамытпайтынын ескертті. Балалар психологы Айдана Мельдеханова монтессори ойыншықтарының жас ерекшелігіне қарай қандай ойыншықтар алу керегін атап өтті:

• 0-ден 6 айға дейін кеміретін ойыншықтар, текшелер.
• 6 айдан 1 жасқа дейін құламайтын тік ойыншықтар, сенсор доптар, тігілген мата, тактильді ойыншықтар.
• 1 жастан бастап магнит ойыншықтар, сортерлер, геометриялық фигуралар.
• 2 жастан бастап мозаика, баулар, балық аулайтын заттар, әр түрлі жемістер, фигуралар, көкөністер.
• 3 жасқа дейін балансир ойыншығы, лабиринт, Сегена тақтасы.
• 3 жастан жоғары ойыншықтарды ауыстырған жөн. Мәселен, ағаштан жасалған танграм, тетрис, конструктор, үстел ойындары және тағы басқалары.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған