Балқаш полицейлері бес қабатты үйдің төбесінен секірмек болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
23 қыркүйек күні сағат 18:00 шамасында Балқаш қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз қыз бала көпқабатты үйдің 5-қабатынан секірмек болып тұр деген хабарлама түскен.
«Мен әріптесім Танат Берікұлымен ақпарат алған уақытта өзімізге бекітілген аумақта қызметте болғанбыз. Оқиға орнына келгенімізде ақпараттың рас екеніне көз жетті. 5-қабатта қыз бала айқайлап отырды. Бізге жедел шешім қабылдап, әрекет жасау керек болды. Танат екеуміз үйдің дәлізі арқылы шатырға көтерілдік. Қыз бала бізді көрген жоқ. Артынан ақырын барып, оны шатырдың жиегінен алып кеттік. Осыдан кейін ол азаматшаны оқиға орнына келген жедел-тергеу тобына беріп, жұмыс атқаруға кеттік», – деді Балқаш қалалық полиция бөлімі патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Ұлан Несіпбаев.
Полицейлер құтқарып қалған қыз балаға дәрігерлер психологиялық көмек көрсетті. Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында оның жеке басының мәселесі бойынша осындай әрекетке барғаны анықталды.